Мазмұнға өту

2. Туыстар: веб-новелла және басқа формалар

Веб-новелла бос жерден шыққан жоқ. Оның ішінде — бұрыннан таныс сюжетті проза, ал қасында — аниме, манга, дорама сияқты «немере туыстары».

Сюжетті прозаның түрлері

Бұлардың бәрі сайтта веб-новелла форматында, яғни бөлім-бөлімімен шыға алады.

  • Роман — ұзақ, көп желілі оқиға. Веб-новеллалардың көбі — осы. Бірақ кітап ретінде жазылған романды бөлімдерге бөле салу жеткіліксіз: ұзақ кіріспе мен баяу басталу оқырманды бірінші бөлімде-ақ жоғалтады (4-тарау).
  • Повесть — орта көлемді оқиға, бір-екі желі. Бірнеше бөлімдік веб-новеллаға жақсы сыяды.
  • Әңгіме — бір бөлімде басталып, сонда бітетін қысқа оқиға. Сайт оны да қабылдайды. Кейде бір әңгімеден ұзақ оқиға туады: оқырман «әрі қарай не болды?» деп сұраса, жалғасын жаз.
  • Новелла — күтпеген бетбұрысы бар қысқа оқиға. Айтпақшы, «веб-новелла» атауындағы «новелла» осы жанрды білдірмейді: ол ағылшынның web novel сөзінен шыққан, ал novel ағылшынша «роман» деген сөз. Яғни веб-новелла — шын мәнінде «веб-роман».
  • Ертегі, аңыз, миф — сюжетті проза. Ғажайып ертегінің құрылымы веб-новеллаға өте жақын: кейіпкер жолға шығады, сынақтан өтеді, көмекші табады, жауын жеңеді, сый алады (16-тарау).
  • Тарихи шығарма — өткен заманда өтетін оқиға. Кейіпкерлері ойдан шығарылуы да, тарихи тұлғалар болуы да мүмкін. Ал тарихи зерттеу — сюжетті проза емес (3-тарау).

Немере туыстар

Лайт-новелла, манга, аниме, вебтун, дорама мен сериал — басқа формалар, бірақ заңдары бір:

  • әр серия, әр тарау ілгекпен бітеді — келесісін күтесің;
  • кейіпкер әрекет етеді, таңдау жасайды, өзгереді;
  • көрермен үнемі бір нәрсе алып отырады: жеңіс, жұмбақтың шешімі, күшті сезім;
  • ұзақ оқиға маусымдарға, кезеңдерге бөлінеді: әр кезеңнің өз жауы, өз шыңы бар.

Сүйікті анимеңнен, дорамаңнан үйренуге болады: неге келесі серияны қосқың келді? Қай жерде тоқтады? Кейіпкер не қалады, не кедергі болды?

Бір айырмашылығы бар: прозада сурет те, музыка да, актер де жоқ. Бет-әлпетті, үрейді, күлкіні сөзбен ғана жеткізесің — көрініс, әрекет, диалог арқылы (13, 14-тараулар).

Жанр мен формат

Формат — оқиғаның қалай шығатыны. Жанр — оқиғаның не туралы екені және оқырманға қандай сезім уәде ететіні. Хоррор үрей уәде етеді, романтика — екі адамның бір-біріне тартылуын, фэнтези — ғажайып әлем мен күшті, комедия — күлкіні. Сайттағы жанрлардың тізімін шығарманың баптауларынан қара.

Жанрлар араласа береді: махаббат пен фэнтези, комедия мен хоррор. Тек басты жанрдың уәдесін орындау керек: хоррор деп атап, үрейсіз жазсаң, оқырман алданып қалады.

Жанр ішінде сюжет үлгілері бар: басқа әлемге түсу, қайта туу, уақытқа оралу, сиқыр академиясы, шартты неке және т.б. Олар ешкімнің меншігі емес: мыңдаған автор бір үлгімен жазады, ал әрқайсысы өз оқиғасын айтады. Сайтта олар тег болып тұр (17-тарау).

Шабыт пен фанфик

Біреудің шығармасынан шабыт алуға болады, фанфик жазуға болмайды.

  • Шабыт — иә. «Аниме көрдім, мен де сиқыр академиясы туралы жазғым келеді»; «бір дорамадағыдай, кейіпкерім өткенге оралса ше?». Идея, сюжет үлгісі, көңіл күй — бәрі еркін. Кейіпкерлер, әлем, оқиға — сенікі.
  • Фанфик — жоқ. Біреудің кейіпкерлері мен әлемін алып жазу: «Наруто мен Саске Алматыда», «Гарри Поттер Хогвартстың қазақ бөлімінде». Біреудің фильмінің, кітабының оқиғасын басқа атпен қайталау да осыған жатады.

Тексеру оңай: шығармаңдағы кейіпкерлер мен әлемнің атын өзгертсең, оқырман бәрібір кімнің шығармасы екенін тани ма? Таныса — бұл фанфик.