Мазмұнға өту

5. Жариялау ережелері — қарапайым тілмен

Бұл тарау — сайттағы «Пайдалану ережелерінің» шығармаларға қатысты бөлігінің қысқаша мазмұны. Ережелер өзгеруі мүмкін: толық әрі соңғы нұсқасы — сайттағы «Ережелер» бетінде. Кітап пен Ережелер айырылса, Ережелерді ұстан.

Не жарияланады

  • Тіл — қазақ тілі. Кейіпкерлердің сөзіндегі жекелеген орыс, ағылшын не басқа тілдегі сөздер мен сөйлемдерге болады. Бүтін абзацтар мен бөлімдер басқа тілде болмайды.
  • Формат — сюжетті проза веб-новелла форматында: роман, повесть, әңгіме, новелла, ертегі, аңыз. Эссе, мақала, өмірбаян, өлең, пьеса және басқалары қабылданбайды (3-тарау).
  • Шығарма — өзіңдікі. Біреудің мәтінін, біреудің аудармасын өз атыңнан жариялауға болмайды. Шабыт алуға болады, фанфик жазуға болмайды (2-тарау).

Сайт 16+

Шығармада соғыс, өлім, қылмыс, зұлым кейіпкер, ауыр тақырыптар бола береді: суреттеу — насихат емес. Бірақ мыналар жарияланбайды:

  • кәмелетке толмағандар қатысатын кез келген жыныстық мазмұн;
  • зорлық-зомбылыққа, терроризмге, өз-өзіне қол жұмсауға шақыру; ұлттық, діни, рулық араздықты қоздыру; қару, есірткі жасауды не өзіне зиян келтіруді үйрету;
  • сүйісуден әрі өтетін жыныстық көрініс — мұндай сәт «сахна сыртында» қалады; зорлауды, қатыгездікті егжей-тегжейлі суреттеу; есірткі мен ішімдікті салдарсыз мақтау;
  • балағат сөз (мат) — кез келген тілде, жұлдызшамен не нүктемен жасырылғаны да. Балағатсыз дөрекі сөз («ақымақ», «оңбаған») болады;
  • бір жынысты кейіпкерлердің махаббаты не жыныстық қатынасы. Достық — болады;
  • тірі нақты адамды махаббат, жыныстық не қылмыс оқиғасының кейіпкері ету, оны қорлау. Тарихи тұлғаны қорламай суреттеуге болады;
  • кез келген діннің қасиетті ұғымдарын келеке ету.

ЖИ белгісі

Мәтіннің едәуір бөлігін ЖИ жазса не қайта жазса, шығарманың баптауларында «ЖИ көмегімен жазылған» белгісін қой. Белгі шығарманы ешқайда шектемейді: басты бетте, каталогта, іздеуде басқалармен бірге көрінеді. Орфографияны тексеруге, идея не есім іздеуге ЖИ-ді қолдансаң, белгі қажет емес.

Бөлім қалай жарияланады

  1. Бөлімді жібересің.
  2. Оны ЖИ-модератор оқиды. Ереже бұзылмаса, бөлімді өзі жариялайды.
  3. Түзететін нәрсе болса, бөлімді қайтарады: не дұрыс емес екенін, мәтіннің қай жерінде екенін және қалай түзетуге болатынын жазады. Түзет те, қайта жібер.
  4. Ережені өрескел бұзған бөлімді жариялаудан бас тартады.
  5. Күмәнді жағдайда шешімді адам-модератор қабылдайды.

Шешіммен келіспесең, Ережелердегі байланыс арқылы жаз: модератор шешімді қайта қарайды.

Қайтарылған бөлім — сенің шығармаң жаман деген сөз емес. Көбіне бір сөз, бір абзац не баптаулардағы бір жол түзетіледі.

Жарияланған соң

Әр шығарманың жанында «Редакция бағасы» тұрады: оны сайт ЖИ көмегімен қояды. Ол не үшін және қалай қойылатыны — 6-тарауда.