8. Веб-новелла қалай құралады¶
Веб-новелла төрт қабаттан тұрады:
шығарма — бүкіл оқиға, бір басты сұрақ
└ кезең — оқиғаның бір үлкен бөлігі, өз жауы мен өз шыңы
└ бөлім — бір отырыста оқылатын бөлік
└ көрініс — бір орын, бір уақыт, бір мақсат
Шығарма: басты сұрақ¶
Әр шығарманың басты сұрағы бар: кейіпкер мақсатына жете ме? Бақсының немересі қорқынышын жеңіп, балаларды құтқара ма? Ерасыл айнадағы баланың кім екенін біле ме? Оқиға бойы оқырман осы сұрақтың жауабын күтеді, ал финал оған жауап береді.
Басты сұрақ бірінші бөлімдерде пайда болады және финалға дейін жабылмайды. Ол ерте жабылса, оқиға да бітеді.
Кезең: оқиға ішіндегі оқиға¶
Ұзақ шығарма кезеңдерге бөлінеді — дорамадағы маусым сияқты. Әр кезеңнің өз мақсаты, өз жауы, өз шыңы бар:
- Байланыс — жаңа мақсат не жаңа қауіп пайда болады.
- Даму — кедергілер өседі, кейіпкер жеңіледі, үйренеді, одақтас табады.
- Шарықтау шегі — ең үлкен шайқас, ең ауыр таңдау.
- Шешім — оқырман үлкен сый алады: жеңіс, жауап, өзгеріс.
- Жаңа ілгек — басты сұрақ әлі жабылған жоқ, ал алда бұдан да үлкен қауіп тұр.
Бұл — мектептен таныс сюжеттің бөліктері (11-тарау), тек бір шығарманың ішінде бірнеше рет қайталанады. Әр жаңа кезеңде қатер үлкейеді: ауылдағы жезтырнақтан кейін — бүкіл даладағы жезтырнақтардың анасы.
Қысқа шығармада бір кезең — бүкіл шығарма.
Бөлім: бір отырыс¶
Бөлім бір отырыста оқылады және әдетте бір-үш көріністен тұрады. Оның ішкі құрылымы:
- Кіру — бірден оқиғаға: алдыңғы бөлім қай жерде тоқтаса, сол жерден не жаңа көріністен.
- Даму — кейіпкер бір нәрсеге ұмтылады, бір нәрсе кедергі жасайды.
- Бетбұрыс — бір нәрсе өзгереді: жаңалық, жеңіс, жеңіліс, шешім.
- Ілгек — келесі бөлімді ашуға себеп.
Әр бөлім бір кішкене сұраққа жауап беріп, жаңасын ашады. Сонда оқырман әр бөлімнен бір нәрсе алады, бірақ тоқтай алмайды.
Бөлімнің ұзындығы бағаға әсер етпейді. Маңыздысы — бір бөлімнің бір отырыста оқылуы және ішінде бір нәрсенің өзгеруі.
Көрініс: бір мақсат¶
Көрініс — бір орында, бір уақытта өтетін оқиға. Әр көріністе кейіпкердің мақсаты бар, оған бір нәрсе кедергі жасайды, соңында бір нәрсе өзгереді (13-тарау). Ештеңе өзгермейтін көрініс — артық көрініс.
Көріністерді бос жолмен не «***» белгісімен бөл: оқырман орын не уақыт ауысқанын бірден түсінеді.
Желілер мен ашық сұрақтар¶
Басты желімен қатар қосалқы желілер жүреді: махаббат, достық, бір құпия, жаудың өз оқиғасы. Олар оқиғаны байытады, бірақ әрқайсысы бір жерде басты желімен түйісуі керек.
Оқырманның басында бір мезгілде екі-үш ашық сұрақ болғаны жақсы: бірі жабылса, екіншісі әлі ашық тұрады. Сұрақ тым көп болса, оқырман шатасады; бірде-бір сұрақ қалмаса, оқырманды ұстайтын ештеңе жоқ.
Аяқталуы¶
Финал басты сұраққа жауап береді, басты желілерді түйістіреді, кейіпкердің қалай өзгергенін көрсетеді. Шығарма біткенде оны баптауларда «аяқталды» деп белгіле.
Жалғасын жазғың келсе, оған жаңа басты сұрақ керек — дорамадағы екінші маусым сияқты.
Витрина: атау, аннотация, мұқаба, тегтер¶
Оқырман шығарманы ашпас бұрын тек осыларды көреді.
- Атау — есте қалатын, жанр мен идеяны сезіндіретін. Жапон веб-новеллаларында ұзын атаулар жиі кездеседі — идеяның өзін айтып тұрады: «Жезтырнақтан қорқатын бақсы немересі ауылды құтқаруы керек». Қысқа атау да, ұзын атау да бола береді, тек ол шығарма туралы болсын.
- Аннотация — кейіпкер, оның қалауы, кедергісі және сұрақ. Бүкіл оқиғаны, әсіресе соңын айтып қойма. Жарнама сөздері («ең қызық оқиға!») мен бос формулалар оқырманға ештеңе айтпайды.
- Мұқаба — телефон экранында кішкентай болып көрінеді: атауы оқылатын, суреті анық болсын. Нақты адамның бөтен фотосы, логотип, жарнама, QR-код болмайды.
- Тегтер — жанрың мен сюжет үлгілерің. Оқырман іздеуде дәл осы сөздермен табады. Тегтердің тізімін сайттан қара.