Мазмұнға өту

3. Веб-новелла емес нәрселер

Сайт тек сюжетті прозаны жариялайды. Басқа мәтінді модератор себебін жазып қайтарады. Бұл мәтіннің жаман екенін білдірмейді: ол жай басқа форматта жазылған, ал оның орны — басқа жерде.

Әр форматтың жанында — оны оқиғаға қалай айналдыруға болатыны. Көп жағдайда тақырыбың да, ойың да сол күйі қалады: тек оны енді кейіпкер бастан кешеді.

Эссе, ой толғау

Бұл не: автор бір тақырыпқа ой толғайды. Кейіпкер де, оқиға да жоқ. Көбіне мектептегі шығарма сияқты құрылады: кіріспе, негізгі бөлім, «Қорыта айтқанда».

Неге жоқ: ойды оқырманға айтып бересің, ал веб-новеллада оқырман оны кейіпкермен бірге бастан кешіп, өзі түйеді.

Қалай оқиғаға айналады: ойыңды кейіпкерге бер — ол сол ойдың үшін күрессін, қателессін, таңдасын.

Эссе: Қазіргі жастар ауылды тастап, қалаға кетіп жатыр. Бұл — үлкен мәселе. Ауыл босаса, тіліміз бен салтымыз да әлсірейді.

Оқиға:
— Билет алдым, — деді Айбек.
Әкесі қолындағы шөмішті қойып, терезеге қарады.
— Қашан?
— Ертең. Таңғы алтыда.

Екінші нұсқада «мәселе» деген сөз жоқ, бірақ оқырман оны сезеді — және әкесі не дейді екен деп күтеді.

Мақала, публицистика, уағыз, ғылыми мәтін, тарихи зерттеу

Бұл не: ақпарат, талдау, кеңес не насихат.

Неге жоқ: мақсаты — білім беру не сендіру, оқиға айту емес.

Қалай оқиғаға айналады: білімің әлемнің негізі болсын. Тарихшы — тарихи шытырман оқиға, дәрігер — ауруханадағы драма, бағдарламашы — киберпанк жаза алады. Деректер кейіпкердің жолында кездесетін шындық болсын, лекция емес.

Естелік, өмірбаян, ғұмырнама

Бұл не: автор өз өмірін не нақты адамның өмірін әңгімелейді — көріністері, диалогтары болса да. Белгілері: шын есімдер мен жерлер, «бұл менің өмірімде болған», «әкем туралы естелік», нақты адамға арнау.

Неге жоқ: сайт ойдан шығарылған не көркем өңделген оқиғаны жариялайды.

Қалай оқиғаға айналады: шын оқиғаны көркем өңде. Кейіпкерге ойдан ат бер, оқиғаны өзгерт, жоқты қос, бар нәрсені алып таста. Енді бұл сенің өмірің емес, кейіпкердің оқиғасы: ол сенен батылырақ, қорқақтау, бақыттырақ болуы мүмкін.

Естелік: Бұл оқиға менің өмірімде 2009 жылы болды. Әкем мені алғаш рет жайлауға алып барды.

Оқиға: Он жасар Ерасыл жайлауға бірінші рет бара жатты. Әкесі жол бойы үндемеді. Ал түнде жылқылар жоғалды.

Тірі адамды — танысыңды, мұғаліміңді, әншіні — махаббат, жыныстық не қылмыс оқиғасының кейіпкері етуге болмайды (5-тарау).

Өлең, поэма, жыр

Бұл не: жол, шумақ, ұйқас.

Неге жоқ: сайт прозаны жариялайды.

Қалай оқиғаға айналады: поэманың оқиғасын прозамен айт. Ал оқиға ішіндегі бір өлең — кейіпкердің әні, ақынның жыры — болады.

Пьеса, сценарий

Бұл не: тек кейіпкерлердің сөзі мен ремаркалар.

Неге жоқ: бұл сахна не экран үшін жазылған мәтін.

Қалай оқиғаға айналады: ремарканы көрініске, репликаны диалогқа айналдыр: кім сөйлейді, не істейді, бөлмеде не болып жатыр.

Мазмұндама, синопсис, жоспар

Бұл не: оқиғаның қысқаша мазмұны, көріністерсіз.

Неге жоқ: оқырман оқиғаның ішіне кірмейді, тек ол туралы естиді.

Қалай оқиғаға айналады: әр оқиғаны көрініс етіп жаз — оқырман оны кейіпкермен бірге көрсін.

Мазмұндама: Арман сиқыр академиясына түседі, бірақ оның күші жоқ болып шығады. Кейін ол бәрін жеңіп, ең мықты сиқыршы болады.

Көрініс: Тас Арманның алақанында суық күйі жатты. Залда біреу күліп жіберді.
— Келесі, — деді ұстаз, оған қарамастан.

Жоспар жазу пайдалы — бірақ ол өзіңе арналған, оқырманға емес.

Хабарландыру, алғыс, автор туралы бөлім

Бөлім орнына «Жаңа бөлім жақында шығады», «Оқығандарыңызға рахмет», «Мен туралы» деп жазылған мәтін — оқиға емес. Шығарма туралы сөзді аннотацияға, өзің туралы сөзді профиліңе жаз.

Шекаралық жағдайлар

Мәтін Жариялана ма
«Мен» деп айтылатын оқиға, кейіпкері ойдан шығарылған иә
Шын оқиғаға негізделген, бірақ кейіпкерлері мен оқиғасы көркем өңделген иә
Тарихи тұлға туралы көркем шығарма, тұлғаны қорламай иә
Ойдан шығарылған кейіпкердің күнделігі, ішінде оқиға бар иә
Тәмсіл: қысқа оқиға, соңында ой иә, оқиға болса; тек ой болса — эссе
Белгілі ертегі: жаңа оқиға, жаңа бетбұрыс иә
Белгілі ертегіні не фильмді сөзбе-сөз қайталау жоқ
Оқиға ішіндегі өлең не хат иә
Біреудің мәтіні, біреудің аудармасы жоқ (5-тарау)

Модератор күмәнданса, шешімді адам қабылдайды. Мәтінің қайтарылса, себебін оқып, түзетіп, қайта жібер (5-тарау).